182

2024 жылдың 23 ақпаны күні Қызылорда ашық университеті мен Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінде елімізде тұңғыш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің таныстырылымы болып өтті.

Шараны Қызылорда ашық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Мұхамбетжанқызы ашып, Oxford Qazaq Dictionary сөздігі туралы ақпаратпен бөлісті.

60 мың сөзді қамтыған, жалпы көлемі 1362 беттік қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша OXFORD сөздігінің тұңғыш басылымын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындаған.

Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы сөз тіркестері енгізілді.

Игілікті шараға білім алушылар мен оқытушы-профессорлар қатысты. Жиында сөз алған, Тарих және құқық пәнінің оқытушысы Гүлнар Жаркенов:
- Бұл сөздіктің құндылығы жоғары, онда қазақ тілінің бай қоры қолданылған. Осы сөздік біздің тіліміздің сақталуының тағы бір іргетасы болмақ. Цифрландыру кезеңіндегі Жаңа Қазақстанның жаңа бастамасы,- деп өз пікірін білдірді.

Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі «Ветеринария» мамандығының студенттері Мейрамбекова Махаббат, Пірәлі Ернұр Oxford Qazaq Dictionary сөздігімен танысып, мол мағұлматқа қаныққанын жеткізді.
Сонымен қоса, Қызылорда ашық университеті «Дизайн» мамандығының студенті Нұрланқызы Жанель, «Информатика» мамандығының студенті Ерболатова Нұрайлым сөздік туралы ағылшын тілінде өз пікірлерін білдіре отырып, білім алушыларды тіл үйренуге, оқу үдерісі барысында сөздікті қолдануға шақырды.

Колледж кітапханашысы Егізбаева Айгүл Oxford Qazag dictionary сөздігінің ерекшеліктеріне тоқталды. Онда sms-хабарламалар жазудың, жұмысқа тұру туралы өтініштің, қонақ үйге нөмерді алдын-ала алудың немесе бас тарту өтінішінің үлгілері және екі тілдің салыстырмалы грамматикасы көрсетілгенін айтты.

Бұл сөздік алдағы уақытта оқытушылар мен студенттердің сенімді серігіне айналып, ұлттық тіл мен мәдениетті сақтауға, дамытуға елеулі үлес қосарына сенім білдіреміз.

183

184