22Ақ жаулықты әжелеріміз бен бата берер ақсақалдарымыздың қадіріне жетіп, оларға құрмет көрсетудегі басты мақсат – атасыз үйдің батасыз, анасыз үйдің панасыз болатынын, олардың төрімізде отыруының өзі бағасыз байлық екенін ұғындыру.

Осы мақсатта жылына бір рет келетін қазан айының алғашқы мерекесі  - қазыналы қарттар күніне орай Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің оқушылары №1 Қызылорда «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі қарияларға арнап концерттік бағдарлама ұсынды.

Колледж оқушыларынан құрылған жас көркемөнерпаздар тобы қарт кісілерді құт-береке деп танитындықтарын, көрегенді ұрпақ екендігін би, ән-жыр арқылы өрнектеді.

Қариялардың сұрауы бойынша танымал әншілеріміз Қ.Нұртас және Т.Төрәлінің репертуарындағы әндер шырқалып, мың бұралған бишілердің орындауында қазақ, өзбек ұлтының билері қойылды. Сонымен қатар, жақында ғана өткен жайдарман ойынының маусымашарында өнер көрсетіп, премьер-лигаға жолдама алған колледжіміздің «Ақмешіт» жастары жайдарманшылары жиналған қауымды қарымды қағытпаларымен, ұтымды әзілдерімен күлкіге кенелтіп қайтты. 

Бағдарлама барысында қариялар әншілермен бірге ән салып, ортаға шығып билеп, батасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

 

 

29

2628

27