^Back To Top
Білім бәсекесінде биік болып алға шығып келе жатқан Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі 2018 жылдың 2-қарашасы күні мерейлі 15 жылдық мерейтойын атап өтті. Құрылғанына 15 жыл толған Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі мерейтойға арналған салтанатты жиын өткізіп, «Келешегі кемел - білім ордасы» тақырыбында қысқаметражды бейнефильм және кітабын жарыққа шығарды. Мұнда оқу ордасының тарихы мен осы уақытқа дейінгі бағындырған белестері баяндалған.
Жоғары деңгейлі ғылыми-педагогикалық әлеуеті, бәсекеге қабілетті білім беру қызметі, мәртебесі мен қалыптасқан ізгі дәстүрі бар оқу орнының мерекелік салтанатты жиынын колледж директоры А.Т.Үргенішбеков ашып сөз сөйлеп, білім ордасының оң бастамаларын тілге тиек етті.
Айтулы шараға облыс әкімінің орынбасары мен облыстық маслихат хатшысының құттықтау лебіздерін жеткізу үшін облыстық мәслихат аппарат басшысының орынбасары Б.Қ.Баекеева, Нұр Отан партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің ректоры Қ.А.Бисенов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж. Шынтасов білім шаңырағының төрінде сөз сөйлеп, ақ тілегін білдірді. Саналы тәрбие,сапалы білім беруде нәтижелі жұмыс атқарып келген бірқатар ұстаздарға Алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар, Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясы-Ресей мемлекеттік аграрлық университетінен О.Дидманидзе, Ю.Юлдашбаев және Қырғыз-Ресей-Славян университетінен М.Орозбеков Сыр еліне келіп, мерейтойдың қадірлі қонағы болды.
Шәкірт тәрбиелеу жолында шыдамдылық танытып, ұлағаттылығымен ұлы қызметті абыроймен атқарып келген Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушылары Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Қорқыт ата атындағы Алтын медальмен» және Халықаралық «Білім беру ісінің көшбасшысы» медалімен марапатталды.
15 жылда жалындаған жастарды өмірге бейімдеп, өз орнын табуына жол сілтеген колледж бүгінгі күні талапты да талантты студенттердің мекеніне айналып үлгерген. Тарихы терең, шежіресі мол оқу орнының түлектері де арнайы келіп, мерекелік көңіл-күймен мәртебесі асқақтаған ұстаздарға алғыстарын білдіріп, білім ұясының мерейлі мерекесімен құттықтап қайтты. Білім берген шәкірттерінің еңбек жолындағы үздік жетістіктері - колледж үшін зор мақтаныш бола бермек. Салтанатты жиын әрі қарай колледж оқытушылары мен студенттерінен құралған «Ақмешіт» ансамблі және «Ақмешіт» бишілер тобының әуезді әндерімен, мың бұралған бишілердің өнерімен жалғасын тапты.